• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

 Батыр ананың арманы орындалды

377 рет
көрсетілді

Түркістан қаласындағы Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші диқан ауылының тұрғыны, көп балалы ана Азат Мұстафаева еңбек десе өзге дүниені ұмытатын шаруақор кісі. Оңтүстікте мақта деген дақыл өседі. От шашқан күн төбеңнен төніп, жердің бетіндегі қыбырлаған жандарды табаға салып қуырып жатқанда атызда шабық шауып, еңкейіп мақта теру қиынның қиыны. Көп балалы батыр ана тұрмыс тауқыметін жеңілдету үшін еңбек майданында жанын аямаған. Түркістан қаласы бойынша мақта теруден екі рет алдына жан салмаған терімші ана қала әкі­мі Әліпбек Өсербаевқа Астана қа­ласына барып, қыдырғысы келе­тінін айтқан екен. Жуырда Әліпбек Өсербаев Батыр ананы арнайы қабылдап, Астанаға бір апта қыдырып ба­рудың шығынын көтеретіндігін хабарлады. «Мен он бала өмірге әкелген анамын. Жас кезімде соларды өсі­ріп, жетілдіреміз деп сырт жаққа қыдыру ойға келмеді. Астана әйбат қала деп естігеннен кейін бір көргім келіп жүр еді. Қаржы жетіспегеннен кейін амал жоқ қала әкіміне айттым. Әліпбек бауырыма рахмет, сөзінде тұрды. Енді міне, барып қайту билеті, керекті қаражат қолымда тұр. Қасымда екінші ұлым Айдар бар». Еңбек ардагері рахметін жаудыр­ған қала әкімі: «Халқымызда «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген қанатты сөз бар. Бұл кісілер еліміздің байлығын еселеуде қыруар еңбек етті. Көмек сұрауы заңды. Еңбек озаттары құрмет көруі тиіс. Оларға мейлінше жағдай жасау жастарымызға үлкен тәрбие ошағы», дейді. Осылайша, жас кезінен белі бүгіліп мақта алқабында жүрген еңбек озаты қала әкімінің қолдауы­мен Астанаға жол тартпақ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы